ШҚО-да бокстан ашық облыстық біріншілік өтуде
Өскемендегі «Жекпе-жек» сарайында 2002-2003 жылы туылған
жасөспірімдер арасында бокстан ШҚО ашық біріншілігі өтуде.
Қазанның екісінде түндігін түрген былғары қолғап бәсекесіне 10-нан
астам команда қатысуда. Олардың қатарында, Бородулиха, Жарма, Күршім,
Катон-Қарағай, Риддер, Үрджар, Аягөз, Зайсан аудандарынан және Семей
қаласынан екі команда, Өскеменнен үш команда бақ сынасуда . Жыл сайын
дәстүрлі түрде өтетін бұл жарыстың жартылай финалдық бәсекелері сәрсенбі
күні аталмыш спорт кешенінде өтеді.
– Жарыстың басты мақсаты – қарашаның 19-нда Екібастұз қаласында
жалауын көтеретін аймақтық жарысқа іріктеу. Екібастұз қаласында жақсы
нәтиже көрсеткен спортшылар Республикалық жарысқа қатысу мүмкіндігіне
ие болады, – деді жарыстың бас төрешісі Құдайберген Сұлтанұлы.
Айта кетейік, жас спортшыларды облыс құрамына бокстан ШҚО бас
бапкері Шалқар Байсарин іріктеуде. Жарыс жолына шыққан жасөспірім
спортшылардың жеңіске деген жігері көрермендердің де көңілінен шығуда.
ШҚО дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі