Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиадаға аудан әкімдері де қатысуда

Автор: RomaSport

Өскеменде Тұңғыш Президент күніне орай, мемлекеттік қызметкерлер арасында XVI облыстық спартакиада өтуде.

Спартакиаданың үшінші күні волейболдан аудандар мен қалалар арасында өз жеңімпаздары анықталды. Айта кетейік, спартакиадада аудан басшылары да ерекше белсенділік танытуда. Атап айтсақ, Күршім, Зырян аудандарының әкімдері волейболдан өз қабілеттерін сынап көрді.

– Бұл жарысқа үнемі қатысуды үрдіске айналдырдық. Өткен спартакиадада біздің аудан волейболдан жеңімпазы атанды. Биыл да командамыз жақсы дайындықпен келді. Бұдан бөлек, біздің мемлекеттік қызметкерлер суға жүзу, бильярд, үстел теннисі, шағын футбол, шаңғымен жүгіру бойынша сынға түсетін болады, – деді Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев.

Тартысты өткен волейбол бәсекесінде қалалар арасында Семей қаласы топ жарды, Риддерден келген спортшылар 2 орынға ие болса, Зырян қаласының спортшылары жүлделі 3 орынға ие болды. Ал, аудандар арасында, Күршім ауданының құрамасы 1 орынға ие болды, Абай ауданы жүлделі 2 орынды еншілесе, Зайсан ауданының спортшылары үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов марапаттады. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш спорттық іс-шараға барлығы 48 команда 1600-ден астам спортшы қатысуда.

 

ШҚО Дене шынықтыру және спорт

 басқармасының баспасөз қызметі

13 ноября 2017 11:09
0
Метки